Жүгіру жолы • Қазіргі заманғы мектеп-лицей-бұл баланың кең білім тәжірибесін жинақтайтын орын
Кіру
AA+
«Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы» РММ
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің
Жүгіру жолы • Қазіргі заманғы мектеп-лицей-бұл баланың кең білім тәжірибесін жинақтайтын орын
«Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы» РММ
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің

Зоология институтымен бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді

 

2026 жылғы 28 маусым - 1 шілде аралығында ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің «Зоология институты» РМК орнитология және герпетология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты А.Э.Гаврилов, «Зоология институты» паразитология зертханасының кіші ғылыми қызметкері Л.О.Укибаева, зертханашы Р.К.Кудабаев, сондай-ақ Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлері А.Максутов, А.Филимонов және Е.Мырзабеков бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы аумағында құстарды есепке алу, сақиналау және биологиялық сынамалар алу жұмыстары Кіші, Орта және Үлкен Аралтөбе аралдарында, Тентек өзенінің атырауында және Мыңкөл көлдер жүйесінде жүргізілді.

Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде төмендегі құстар сақиналанып, олардан биологиялық сынамалар алынды: қарамойын сұқсырдың – 34 дарағы, өзен қарқылдағының – 100 дарақ балапаны, - тырнаның – 20 балапаны, үлкен суқұзғынның – 52 дарағы, қызғылт бірқазанның – 20 жас дарағы, бұйра бірқазанның – 20 жас дарағы. Барлығы 246 құс сақиналанды. Сонымен қатар екі жас тырнаға олардың қоректену мақсатындағы ұшу бағыттарын, маусымдық қоныс аударуын және қыстайтын орындарын бақылау үшін салмағы 5 г болатын 2 GPS таратқышы орнатылды.

Іссапар барысында Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы аумағында колония құрып ұялайтын құстардың түрлік және сандық құрамы анықталды: 1. Көне дәуір шағаласы – 12 ересек және қанаттанған 9 жас құс, барлығы 21 дарақ.

  1. Қарабас өгізшағала – 8200 ересек және 2500 жас құс, барлығы 10 700 дарақ.
  2. Бұйра бірқазан – 556 ересек және 286 жас құс, барлығы 842 дарақ.
  3. Қызғылт бірқазан – 1891 ересек және 580 жас құс, барлығы 2471 дарақ.
  4. Үлкен қарқылдақ – 160 ересек және 200 жас құс, барлығы 360 дарақ.
  5. Өзен қарқылдағы – 4200 ересек және 2000 жас балапан.
  6. Үлкен суқұзғын – 6580 ересек және 3846 жас құс, барлығы 9146 дарақ.
  7. Өгізшағала – 2000 ересек және 750 жас құс, барлығы 2750 дарақ.

Олардың ішінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына және Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) Қызыл тізіміне енгізілген 4 түр бар: көне дәуір шағаласы, бұйра бірқазан, қызғылт бірқазан және қарабас өгізшағала. Бұл түрлердің жалпы саны – 14 034 дарақ.

Зоология институты мен Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы қызметкерлерінің бірлесіп жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша колония құрып ұялайтын құстар популяциясының жағдайы тұрақты екені анықталды. Ұя салу кезеңіне жүргізілген мониторинг барлық түрлер бойынша құстар санының артқанын көрсетті. Бұған сәуір-мамыр айларындағы су режимінің тұрақтылығы оң әсер еткен болуы ықтимал. Су жайылған жағалау аймақтарында балықтардың уылдырық шашуы сәтті өтіп, нәтижесінде құстардың қоректік базасы ұлғайды. Сонымен қатар қорық аумағында өрттердің болмауы ұя салатын орындардың және құстардың қорғаныш жағдайының сақталуына мүмкіндік берді. Бұған қоса, ұя салу және қоректену орындарын қатаң қорықтық режимде қорғау құстар популяциясының тұрақты сақталуына оң ықпалын тигізуде.