Тентек өзені мен Алакөл көлінің табиғи кешендерін, жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесін және көне дәуір шағаласының бірегей популяциясын сақтау.
Айнала қоршаған ортамыз – табиғат-Ананы мейілінше қажетімізге жаратып келеміз. Сол табиғатқа біз жеткілікті қамқор болып жүрміз бе? Қорған бола алдық па? – деген сұрақтарға жауап іздеген кезде іркіліп қалатынымыз хақ. Қазіргі уақытта кезек күттірмейтін табиғат қорғау мәселесіне барынша көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Осы орайда табиғат қорғау мекемелерінің орны ерекше.
Істелетін игі шаралардың аясы кең, тек қолдау тапса болғаны. Табиғатымыз әзірге аман болғанымен, болашағы алаңдататыны сөзсіз. Ең алдымен адам мен табиғат арасындағы өзара қатынасты дұрыс жолға қою, табиғат байлықтарын пайдаланып қана қоймай, оның орнын толтыра білуге және тылсым табиғатымызды қорғау мен сақтауға бағытталған өзге де іс-шараларға ат салысу қажет. Табиғаттың адам өмірінде алар орны қаншалықты маңызды екенін білсек те, әлі де болса тәлім-тәрбиенің олқылығы байқалып жататыны жасырын емес. Адамның санасын селт еткізетіндей табиғат дүлей мінез көрсетіп жатса да, жанашырлық жетіспей жататыны өкінішті. Бұл жерде сөз болып отырғаны табиғатқа деген жанашырлық пен қоршаған ортаға деген көзқарастың жақсара қоюы бір күндік шаруа емес, дегенмен де халықтың санасына серпіліс беру біздің міндет. Табиғатты немқұрай ластаудан аулақ болғанымыз абзал. Табиғат пен адам егіз дейміз. Сол егіздің сыңарынан айырылып қалмайық!
Өткенге көз жүгіртсек мекеме тарихы өңір табиғатын қаз-қалпында сақтау мен келер ұрпаққа аманат ету жолындағы игілікті істерге толы. Ал болашақтың бағыт-бағдарын белгілеу бүгінгі күннің еншісінде. Асар тауымыз, атқарар ісіміз әлі алда. Ғұмырын табиғат қорғау саласына арнаған аға буын бастап кеткен сара жолды кейінгі ұрпақ жалғастырып, Ернар ағаның арманы еселеніп орындала берсін. Қорық құрылғандағы мақсаты жүзеге асырылып, Алакөл табиғаты байырғы қалпында қала берсін.