Көне дәуір шағаласы (орыс. Реликтовая чайка, лат. Larus relictus). Халықаралық деңгейде қорғалатын түр: ХТҚО Қызыл Кітабына, қауіп төнуші құстар тізіміне, СИТЕС І Қосымшасы, сол сияқты Қазақстан Қызыл Кітабына 1 – санат бойынша тіркелген. Дене ұзындығы 45-53 см, қанат құлашы 110-120 см, салмағы 0,4-0,7 кг. Басы қара түсті, көзінің айналасы жалпақ ақ толық емес дөңгелек. Тұмсығы мен аяғы қызыл түсті болып келеді. Алакөл қорығында тұрақты ұя салады, 2024 жылғы есеппен 22 дарасы тіркелді.
Қарабас өгізшағала (орыс. Черноголовый хохотун, Лат. Larus ichthyaetus). Ұялайтын жыл құсы және қыстайтын түр. Дене ұзындығы 57-61 см, қанат құлашы 155-170 см, салмағы 1,2-2 кг. Басы мен мойнының жоғарғы жағы қара түсті. Денесінің жоғарғы жағы ашық көкшіл реңді, төмен жағы, мойны, төсі, құрсағы, құйрығы және қанатының асты ақ түсті. Тұмсығы қызыл, ұшына таман қара дақты, ұшы сарғыш түсті. Аяқтары қызыл сары түсті. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Алакөл қорығында тұрақты ұя салады, 2024 жылғы есеппен 10328 дарасы тіркелді.
Өгізшағала (орыс. Хохотунья, лат. Larus cachinnans). Тұрақты ұялайтын және қыстайтын түр. Дене ұзындығы 54-66 см, қанат құлашы 130-158 см, салмағы 0,7-1,6 кг. Қанатындағы суреттері шалғы қақпа қауырсындарының ұшындағы үлкен ақ дағы, ең үлкені бірінші қауырсындағы ішкі жабынында жұқа ашық «тіл сияқты» болады. Ал тұмсығы сары, кейде түбінен дене түсті болады. Тұмсығының астының ұш жағы қызыл немесе қызыл сары дақты. Аяқтары сары, кейбір дарақтарында қызғылт сары және дене түстес. Жас ерекшелеріне байланысты қауырсындарының түстері әр түрлі. Алакөл қорығында тұрақты ұя салады, 2024 жылғы есеппен 4987 дарасы тіркелді.
Көл шағаласы (орыс. Озерная чайка, Лат. Larus ridibundus). Тұрақты ұялайтын және қыстайтын түр. Дене ұзындығы 38-44 см, қанат құлашы 86-99 см, салмағы 0,2-0,35 кг. Дене тұрқы басқа шағалаларға қарағанда кішкентай. Тұмсығы және аяқтары қара қызыл реңді. Құсойнақ кезіндегі басының қауырсындары қара қоңыр, алыстан қара болып көрінеді. Желкесі және мойны ақ, көзінің арты орақ тәрізді дақты. Шалғы қақпа қауырсындары ұштарының жиегі қара түсті болып келеді. Алакөл қорығында тұрақты ұя салады, 2024 жылғы есеппен 3285 дарасы тіркелді.