Бұйра бірқазан – (орыс. Кудрявый пеликан, лат. Pelecanus crispus).
Ұялайтын жыл құсы. Ұзындығы 160-180 см, қанат құлашы 270-320 см, салмағы 9-14 кг. Түсі ақшыл-сұр, желкесінде бұйра қауырсындары бар.
Негізінен балықтармен (сазан, табан, көксерке, шабақ) қоректенеді. Ұяларын қамыс арасына, аралдарға немесе батпақты жерлерге салады. Аналығы 2-3 жұмыртқа басады, балапандары 70-75 күнде ұша бастайды. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Алакөл қорығында тұрақты ұя салады, 2024 жылғы есеппен 1073 дарасы тіркелді. Қызғылт бірқазан (орыс. Розовый пеликан, лат. Pelecanus onocrotalus).
Ұзындығы 140-175 см, қанат құлашы 270-360 см, салмағы 5,5-15 кг. Негізінен түсі ақшыл-қызғылт, тұмсығы сарғыш, көзінің айналасы сарғыш немесе қызғылт түсті жалаңаш тері. Балықтармен, әсіресе орташа және ұсақ балықтармен қоректенеді. Бұлар жұптасып өмір сүреді және үлкен колонияларда ұялайды. Аналығы 1-3 жұмыртқа басады, балапандары 60-75 күнде қанаттанады. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Алакөл қорығында тұрақты ұя салады, 2024 жылғы есеппен 3246 дарасы тіркелді.