2025 жылы шілде айында «Ұлттық биотехнология орталығы» Алматы филиалының және «Зоология институтының» қызметкерлері мен Алакөл қорығының қызметкерлері бірлесіп Алакөл ойпаты бойынша далалық жұмыстар жүгізілген болатын. Онда құстардың 3 түрінің 33 дарасына сақиналау жұмыстары жүргізілді, атап айтқанда: бұйра бірқазан (Pelecanus crispus), қызғылт бірқазан (Pelecanus onocrotalus) және Үлкен қарқылдақ (Hydroprogne caspia) сақиналанды. Сонымен қатар Орта Аралтөбе аралында үлкен қарқылдақтың біріне GPS трекері орнатылды.
Осы арқылы құстың қозғалыс бағыты мен миграциялық жолы бақылауға алынды.
1 - картада GPS трекері орнатылғаннан кейін алғашқы күндері ұшу бағыты бейнеленген. Онда Орта Аралтөбе аралының маңында ұшқаны көрсетілген.
2 - картада Қарқылдақ құсының Алакөл көлінің ортасында орналасқан Орта Аралтөбе аралдарынан ұшып шығып, көлдің шығыс жағалауына дейінгі қозғалыс бағыты көрсетілген.
3 - картада Қарқылдақтың жылы жаққа - Қытай Халық Республикасының және Моңғолияның оңтүстігі арқылы Тынық мұхитының жағалауына дейінгі ұзақ қоныс аудару жолы бейнеленген. 6 қыркүйектен бері Қарқылдақ Қытайдың Cangzhou қаласы маңындағы Тынық мұхиты жағалауында тіркелген. Бұл дерек құстың мыңдаған шақырымдық арақашықтықты бағындырып, Алакөл аймағынан алыс аймақтарға дейін қоныс аударатынын көрсетті.