Мұражайдың құндылығы - келушілерге жергілікті жеріміздің табиғатымен таныстырып, қоршаған ортаның маңыздылығын түсіндіріп, оны қорғау керек екенін жеткізу. Осы орайда мекемеде ғылым бөлімінің бастауымен 1999 ж. мұражайды құру жұмыстары басталды. Мұражай салтанатты түрде 2000 жылы 15 қарашада ашылып, жергілікті халық арасында, әсіресе оқушылар арасында танымалдыққа ие болды. 2001 жылы 15 қараша күні Алакөл аудандық маслихаттың XVIII кезектен тыс сессиясында мұражайға еліміздің белгілі орнитологы, биология ғылымдарының кандидаты Ернар Мұхтарұлы Әуезовтің (28.11.1943-28.05.1995 жж.) есімін беру туралы шешім қабылданды. Осы шешім арқылы қазақстандық ғалымның Алакөл қазаншұңқырын мекендеген құстарды зерттеу мен қорғаудағы еңбегі алтын әріптермен жазылды.
Төрт бөлмеден тұратын көрініс – батпақты және таулы бедерлердің сипаттамасымен көрсетілген. Әрбір көріністе жануарлар мен өсімдіктер әлемінің нақты бір тіршілігі көрсетілген.
Мұражайдың бірінші бөлмесі ғалымның өміріне, қызметіне арналып, Ернар ағаның Алакөлге жасаған саяхаттары кезінде қолданған жеке заттары, оның ішінде, дүрбі, компас, радиоқабылдағыш, қолшам, фотоаппараттар қойылған.
Екінші бөлмесі Алакөл-Сасықкөл көлдер жүйесіне арналған, онда қорық аумағында кездесетін бұйра бірқазан, ақбас үйрек, үлкен аққұтан, сұр қаз сияқты тағы да басқа құстардың мүрделерін көруге болады. Бөлменің ортасында қорықтың аймағы жайлы деректер беретін макет орналасқан.
Келесі бөлменің көрінісінде сүтқоректілердің: қабан, қасқыр, тауешкі, ондатрдың мүрделері орын алған. Соңғы бөлмеде 10 стенд орын алған, оның ішінде 7 стенд – сипаттамасы берілген өсімдіктер туралы, қалған 3-еуі - жәндіктердің түрлері жинақталған энтомологиялық стендтер. Құмыраларда спиртталған күйінде балықтардың 17 түрі қойылған.