Қорық аумағында тұяқты жануарлардың екі түрі мекендейді: қабан және елік. Бұл екі түр де қорық аумағы үшін индикаторлық болып табылады, сондықтан олардың саны мен жай - күйіне жыл сайын жүйелі бақылау мен есеп жүргізіліп отырады.
Қабан:
Ұзақ жылдар бойы мониторинг пен аумақты зерттеу нәтижесінде қорықтың әр түрлі телімдерінде қабандардың тығыздығы мен жалпы саны қатты айырмашылыққа ие екені анықталды. Бұл ең алдымен әр аумақтағы қорек пен қорғаныс жағдайына байланысты. Сонымен қатар судың деңгейі де популяцияның саны мен таралуына үлкен әсер етеді. Бұл құбылыс әсіресе Тентек өзенінің сағасында, Сасықкөл көлінің солтүстік жағалауы мен Мынкөл көлдер жүйесінде айқын байқалады. Көктемгі су тасқыны кезінде аумақтың едәуір бөлігі су астында қалып, жануарлар биік жерлерге қоныс аударады.
Мысалы, Тентек өзенінің атырауында көктемгі тасқын кезінде кең аумақ су астында қалады, нәтижесінде қабандар биік аумақтарға және өзеннің жоғарғы ағысына қарай немесе қорықпен шекаралас аумақтарға көшеді. Сасықкөлдің солтүстік жағалауында және Мынкөл көлдер жүйесінде көктемгі су көтерілу кезінде қабандарды жиі далада, тіпті қамыстан бес шақырымнан астам қашықтықта кездестіруге болады. Сондай - ақ олар кейде Қарақол өзенінің қамыспен көмкерілген арнасымен Қрақол ауылына дейін жетеді. Судың жоғары деңгейі қабандар популяциясына күз - қыс мезгілінде де қатты әсер етеді: негізгі көлдердің жиегі шайылып, қамыс, қоға және қамыс өсетін уақытша көлдер суға толады. Қабандар үшін бұл өсімдіктердің жер астындағы бөліктері - қыста негізгі қорек көзі болып табылады. Мұндай жылдары қабандар жеуге жарамды өсімдік бөліктерін іздеп, жиі ондатр үйшіктерін бұзады. Су деңгейі жоғары жылдары көбіне жас қабандардың әлсіреген, арықтап кеткен дарақтары жиі кездеседі. Ал көп қарлы қыстарда қасқырлар да қабандардың (әсіресе жас және әлсіреген дарақтардың) санының азаюына белгілі бір деңгейде әсер етеді.
Елік:
Елік - қорықтың барлық аумақтарында кездесетін кең таралған түр. 2018 - 2025 жылдары ол Алакөлдің солтүстік - шығыс бөлігіндегі жағадан шамамен отыз шақырым қашықта орналасқан Үлкен Аралтобе аралынан да байқалған. Мұнда ол, шамасы, қысқы көші - қон кезінде мұз арқылы жеткен. Елік негізінен қамыс пен бұталы алқаптарда, өзен арналары мен көл жағалауларында тіршілік етеді. Еліктің саны өте тұрақсыз және жыл сайын айтарлықтай өзгеріп отырады. Ұзақ мерзімді бақылаулар нәтижесінде оның санына әсер ететін басты фактор - көп қарлы, әрі жиі жылымық болатын қыстар екені анықталды. Мұндай кездерде қар бетінде қатты қыртыс пайда болады, ол жануарларға қорек табуды қиындатып қана қоймай, жүруін ауырлатып, аяқтарын терең жарақаттайды. Қысқы маршруттық бақылаулар кезінде қасқыр жеген еліктің қалдықтары жиі кездесетіндіктен, қасқырдың да елік санына айтарлықтай әсер ететіні белгілі. Дегенмен, соңғы жылдары қорықтағы елік саны айтарлықтай өсті. Біздің ойымызша, бұған негізінен қыстың жұмсақ әрі аз қарлы болуы және қасқыр санының азаюы әсер еткен.
Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының ғылыми қызметкері Мосин И.А.