Осыдан 28 жыл бұрын 21 сәуір күні Үкіметтің кезекті қаулысы шығып, Алакөл қорығы құрылды. Қазіргі таңда Алакөл қорығының аумағы 65 672 гектарды құрайды және Жетісу облысының Алакөл ауданы мен Абай облысының Үржар және Мақаншы аудандарының аумақтарында жатыр. Алакөл ойпаты өзінің ерекше флора мен фаунасының алуантүрлілігімен ерекшеленеді, соның ішінде Тентек өзенінің атырауы сулы - батпақты жерлерде мекендейтін құстардың ұя салатын және олардың негізгі миграциялық тұрағы болып табылады. Алакөлдегі Аралтөбе аралдары да құстар әлеміне бай. Әлем елдері мойындаған айтулы жетістіктерге қол жеткізіп, толағай табыстардың куәсі болдық. 2009 жылы Алакөл - Сасықкөл көлдер жүйесі Рамсар конвенциясының тізіміне енгізілді, ал 2013 жылы кәрі құрлықтың төрінен жағымды жаңалық келіп, Алакөл биосфералық резерваты елімізде екінші болып ЮНЕСКО - ның дүниежүзілік биосфералық аумақтар желісіне кірді.
Алакөл қорығы - тек табиғатты қорғау мекемесі ғана емес, ол - болашақ ұрпаққа аманат етілген асыл мұра. Табиғатты аялау, оны көздің қарашығындай сақтау - әрбір азаматтың парызы. Алакөлдің табиғи байлығын бірге қорғайық!
