Алакөл мемлекеттік табиғи қорығында 25 жылдан астам уақыт бойы жыл сайын наурыз айының ортасында көктемгі құстардың толық есебі жүргізіледі. Биыл да 16 - 26 наурыз аралығында мамандар далалық бақылау жұмыстарын жүргізіп, құстардың алғашқы келуін тіркеді. Зерттеу барысында 105 құс түрі анықталды. Оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген 13 сирек түр бар: аққу, бірқазан, дуадақ, тырна, бүркіт және басқа да құстар. Көктемде құстардың көші - қоны ауа райына тікелей байланысты. Жел, суық немесе қар олардың қозғалысына әсер етеді. Ал наурыз айында бозторғай, қараторғай, қарға секілді құстардың белсенді ұшып - қонуы байқалады. Айдың соңына қарай су айдындары мұздан ашылып, үйректер мен басқа да су құстары көптеп жиналады. Өкінішке қарай, жыл сайын құстар санының азаюы байқалады. Сондықтан табиғатты қорғап, құстарға тыныштық берейік.