Осыдан 26 жыл бұрын 21 сәуір күні Үкіметтің кезекті қаулысы шығып, Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы құрылды. Қазіргі таңда Алакөл қорығының аумағы 65 672 гектарды құрайды және Жетісу облысының Алакөл ауданы мен Абай облысының Үржар ауданының аумақтарында жатыр.
Алакөл ойпаты өзінің ерекше флора мен фаунасының алуантүрлілігімен ерекшеленеді, соның ішінде Тентек өзенінің атырауы сулы-батпақты жерлерде мекендейтін құстардың ұя салатын және олардың негізгі миграциялық тұрағы болып табылады. Алакөлдегі Аралтөбе аралдары да құстар әлеміне бай. Казіргі таңда Алакөл қорығының аумағында құстардың 330 түрі кездеседі, олардың 16 түрі Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген. Өсімдік жамылғысының 288 түрі өседі, олардың 286 түрі жоғарғы сатылы, 2 түрі төменгі сатылы, 1 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Сүтқоректілердің 35 түрі қорық аумағын мекен етеді, оның ішінде 5 түрі индикаторлық түрге жатады. Жәндіктердің 297 түрі белгілі, оның ішінде 9 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Қорықтың суайдындарын балықтардың 18 түрі мекендейді, оның ішінде 9 түрі аборигендік болып есептеледі.
Әлем елдері мойындаған айтулы жетістіктерге қол жеткізіп, толағай табыстардың куәсі болдық. 2009 жылы Алакөл – Сасықкөл көлдер жүйесі Рамсар конвенциясының тізіміне енгізілді, ал 2013 жылы кәрі құрлықтың төрінен жағымды жаңалық келіп, Алакөл биосфералық резерваты елімізде екінші болып ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік биосфералық аумақтар желісіне кірді.