Сулы - батпақты алқаптарды халықаралық деңгейде қорғау мақсатында Иран Республикасының Рамсар қаласында 1971 жылы 2 ақпанда Рамсар конвенциясына қол қойылды. 1997 жылдан бастап 2 ақпан – «Дүниежүзілік сулы - батпақты алқаптар күні» болып жарияланды.
Алакөл - Сасықкөл көлдер жүйесі – халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқап. Алакөл-Сасықкөл көлдер жүйесі – Қазақстандағы сулы-батпақты құстардың негізгі ұя салатын, түлейтін және миграция кезінде тоқтайтын ең ірі орындарының бірі болып табылады. Аумағынан миллиондаған құстар ұшып өтетін және ұя салатын халықаралық маңызға ие сулы - батпақты алқап. Мұнда саны азайып, Қызыл кітапқа енгізілген қанатты жиһанкездер мекен етеді. Сол себепті отарлық және суда жүзетін құстардың ұя салу орындарын сақтау мақсатында Алакөл - Сасықкөл көлдер жүйесі 2009 жылғы 25 қараша күні Рамсар конвенциясының тізіміне 1892 санымен енгізілді.