Экологиялық ағарту бөлімі қоғамның табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру, қоршаған ортаны қорғау, табиғаттың тепе-теңдігін сақтау, еліміздің болашағы жас ұрпақтың көзін ашып, көкірегін оятып, оларды жеріміз, табиғатымыз үшін жаны ашитын қамқоршы етіп өсіруге күш салып, табиғатқа ашкөздікпен қарайтындармен күресуге тәрбиелеу мақсатында қызмет етеді.
Бөлім жыл бойына түрлі акцияларды жүзеге асырады, оның ішінде халықаралық «Парктер шеруі» экологиялық акциясы ерекше орын алады. Жыл басында «Дүниежүзілік сулы-батпақты алқаптарды сақтау күні» аталып өтсе, күзгі уақытта «Реликті шағала» фестивалі өткізіледі. Аудан мектептерінде Алакөл өңірінің бай табиғатын баяндайтын слайдтар мен бейнероликтер көрсету арқылы танымдық сабақтар өтеді.
Сонымен қоса, ҚР Мемлекеттік рәміздері күні, «Конституция – Ата Заңымыз» және «Қазақстан халықтарының бірлігі күні», «Тәуелсіздік күні» сияқты өзге де маңызды даталар аталып өтіледі.
Бөлім қызметкерлері әр түрлі деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жариялап, әлеуметтік желілерде қорық тынысын, өткізілген іс-шараларды жариялап тұрады. Үнпарақтар мен кітапшаларды, күнтізбелерді әзірлеп, таратады.