Қазақстанда 2026 жыл құсы анықталды, ол - қара сайрақ (Turdus merula)
2026 жыл құсы деп қара сайрақ танылды. Қазақстанда құстарды сақтап қалу мәселесіне жұрт назарын аудару мақсатымен жыл сайын «Жыл символ-құсы» таңдалады. Биыл орнитологтер бұл атаққа лайық деп құстың екі түрін ұсынған, бірі қара сайрақ болса, екіншісі - барылдауық үйрек. Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының (АСБК) мүшелерінің 65%-ы біріншісіне дауыс беріп, қара сайрақ 2026 жыл құсы атанды. Қара сайрақ едәуір жақсы сайрайтын құс. Еркегі қара, тұмсығы сары болса, ұрғашысы күрең қоңыр, тұмсығы қоңыр түсті. Жас құстар қоңыр реңді, денесінде ала дағы болады. Еліміздегі сайрақтардан жалғыз отырықшы түр: қыста жылы жаққа ұшып кетіп жылыстамайды. Ақпанның аяғы мен наурыздың басы - «құс қанатының ызғары» біткен шақта Қазақстанның оңтүстік аймақтарына сыбызғының үніндей әндетіп қара сайрақтар оралады. Бұл құстар бұта мен ағашта мөлшері кеседей ұя салады. Жылына екі реттен 3-4 жұмыртқа басады. Бунақденелі, ұлу, жауынқұрт секілді жәндіктерді, жеміс-жидекті жейді. Орманда, саябақта, бау-бақшасы бар аулада - тіршілікке жарамды кез келген жерде ұя салады. Қара сайрақ - әуезшіл сайрақтан кейін сайрақтардың ішіндегі жақсы сайрағыш құс. Оның әуені бөгде, сықырлаған дыбыссыз өте таза сыбызғы үнінен тұрады. Қара сайрақ - пайдасы зор әрі қалаға көрік беретін сүп-сүйкімді құс. Алакөл қорығының аумағында көктемгі миграция кезінде кездеседі.
