Тулебаева Айжан Рысқалиқызы 1982 жылғы 28 наурызда Алматы облысы, Алакөл ауданы, Үшарал қаласында дүниеге келген. Білімін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде алып, аталған оқу орнының бакалавриаты мен магистратурасын тәмамдаған. Еңбек жолын Алакөл мемлекеттік табиғи қорығында бастап, табиғатты қорғау және ғылыми-зерттеу бағытындағы қызметтерді атқарды. Қызметтік тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің арқасында ғылыми қызметкерден аға ғылыми қызметкер лауазымына дейін көтеріліп, қазіргі таңда Ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы қызметін атқаруда. Ғылыми қызметінің негізгі бағыттары Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының биоалуантүрлілігін сақтау, табиғи экожүйелердің жай-күйін зерттеу, қорық аумағындағы флора мен фаунаны ғылыми тұрғыдан зерделеу, табиғи ресурстардың жағдайына мониторинг жүргізу және қоршаған ортаны қорғау мәселелерімен байланысты. Табиғатты қорғау саласындағы көпжылдық еңбегі, кәсіби біліктілігі мен ғылыми қызметтегі жетістіктері жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Биоалуантүрлілікті сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» II дәрежелі медалімен марапатталған. Айжан Рысқалиқызының еңбек жолы – туған өлкенің табиғи байлығын қорғауға, биоалуантүрлілікті сақтауға және ғылыми зерттеулерді дамытуға бағытталған жауапты қызметтің үлгісі. Ол өз ісіне деген адалдығымен, жинақтаған тәжірибесімен және табиғатты қорғау жолындағы еңбегімен Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының ғылыми қызметінің дамуына өз үлесін қосып келеді.