Алакөл мемлекеттік табиғи қорығындағы аралдарда көне дәуір шағаласы мен қарабас өгізшағаланың бір-біріне көршілес, топтасып ұя салуы — табиғаттағы өзара үйлесімді тіршіліктің қызықты көрінісі. Дене бітімі мен қимыл-қозғалысы әртүрлі болғанымен, бұл екі құс бір-бірінің ерекшеліктерін тиімді пайдаланып, ортақ жауларынан қорғануға мүмкіндік алады. Көне дәуір шағаласы қарабас өгізшағалаға қарағанда кішілеу болғанымен, жерде де, ауада да жақсы қимылдайды. Қауіп төнген кезде олар жерде қорғаныс ұйымдастырып, дауыстарымен бір-біріне белгі береді. Олардың дауысы ірі иттің күшігінің үніне ұқсайды. Ал денесі ірілеу қарабас өгізшағала әуе қорғанысының рөлін атқарады…
Алакөл мемлекеттік табиғи қорығындағы осы ерекше құбылыс табиғатта әртүрлі түрлердің қатар тіршілік етуі олардың өмір сүру мүмкіндіктерін арттыра алатынын көрсетеді. Сондықтан көне дәуір шағаласы мен қарабас өгізшағаланың ұялайтын аралдарын сақтау — екі құсты ғана емес, тұтас табиғи ортаны қорғау деген сөз.