Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы аумағындағы тораңғы популяциясы
Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы өсімдіктердің биологиялық алуантүрлілігін сақтауда маңызды рөл атқарады. Қорық өңірдің бірегей экожүйелеріне тән сирек кездесетін және эндемик өсімдік түрлерін қорғауды қамтамасыз етеді.
Зерттеліп отырған Жалаңашкөл көлінің шығыс жағалауы мен Кіші Алакөл шығанағының ландшафты лагуналық көлдер жүйесі және Жоңғар типіндегі тасты шөлден тұрады. Жалаңашкөл көлінің жағалауында реликті тораңғы және сексеуіл тоғайлары кездеседі. Бұл аумақ аз зерттелген және ерекше құндылыққа ие. Себебі мұнда ежелгі (реликті) өсімдіктер жамылғысының бірегей үлгілері — тораңғы тоғайлары (Populus pruinosa Schrenk) және зайсан сексеуілінің (Haloxylon ammodendron) тоғайлары сақталған.
Аумақ сұр-қоңыр топырақтағы жартылай бұталы және бұташықты шөл экожүйелерінен, сондай-ақ Жалаңашкөл көлінің шығыс жағалауындағы жайылмалы орманды-шалғынды топырақтарда өсетін ағаш және бұталы өсімдіктер қауымдастығынан тұрады. Мұнда орманды-шалғынды топырақтар шағын аумақтарды алып жатыр және тек Жалаңашкөл көлінің шығыс жағалауында, орман жамылғысының астында, көлдің төменгі террасаларында, тораңғы тоғайларының арасында кездеседі.
Негізінен зерттеліп отырған аумақтың топырағы гало-ксерофитті сирек өсетін жартылай бұталы және бұташықты өсімдіктер жамылғысы астындағы сұр-қоңыр шөл топырақтарынан тұрады. Мұнда сирек кездесетін Солтүстік Тұран–Жоңғар түрлері: зайсан сексеуілі (Haloxylon ammodendron), боялыш (Salsola laricifolia) және Регель ильиниясы (Iljinia regelii) өседі.
Зерттеу жылдары көлемі 20×25 метр болатын өсімдік жамылғысына мониторинг жүргізу алаңы белгіленіп, онда өсімдіктердің әртүрлі түрлеріне бақылау жүргізілді. Сонымен қатар тораңғы бойынша 11 бақылау нүктесі белгіленді.
Тораңғы немесе әртүрлі жапырақты терек (Populus diversifolia Schrenk) — Орталық Азияның шөл флорасына тән өсімдік. Діңі тік әрі жуан, бөрікбасы кең жайылған жартылай шар тәрізді ағаш. Қорық аумағында сирек кездесетін түрге жатады.
Жалаңашкөл популяциясы Жалаңашкөл көлінің солтүстік-шығыс жағалауы бойымен бірнеше шақырымға созылып жатқан тар, үзік-үзік жолақты құрайды және кемінде 500 ересек ағашты қамтиды.
Бұл жерде тораңғы жақсы жаңарып келеді. Популяциядағы жас өскіндердің тығыздығы 10 м² аумақта 10–12 дананы құрайды. Жалпы алғанда, жас дарақтардың саны ересек ағаштардың санынан екі есе көп.
Белгіленген бақылау нүктелеріндегі ағаштар қатты әлсіреген. Кейбір ағаштардың бұтақтары мен діңдерінде жергілікті зақымданулар, сондай-ақ дің зиянкестерінің жергілікті ошақтары байқалады. Популяцияның жағдайы — әлсіреген.
Тулебаева А.Р.