Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының аумағында жыртқыш сүтқоректілердің 6 түрі кездеседі. Олардың қатарында қасқыр, түлкі, қарсақ, шибөрі, ақкіс және борсық бар.
Жыртқыш аңдар табиғаттағы экологиялық тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқарады. Олар көбінесе әлсіз және жарақаттанған жануарларды аулау арқылы табиғи сұрыпталуға ықпал етеді.
Қасқыр – қорықтың көптеген аумақтарында кездеседі. Әсіресе қыс мезгілінде азық іздеп, қорық аумағына жиі кіреді. Негізгі қорегі – елік пен қабан. Соңғы жылдары санының азаюы байқалады.
Түлкі – қорықтың барлық аумақтарында, соның ішінде Алакөл көлінің аралдарында да кездеседі. Негізгі қорегі – кеміргіштер. Қорық аумағында саны тұрақты деңгейде сақталған.
Шибөрі – қорық аумағында алғаш рет 2022 жылғы 10 қарашада Тентек өзені атырауында, Тұйықсу кордоны маңында тіркелген. Кейінгі жылдары қорық инспекторлары бұл жыртқышты тұрақты түрде байқай бастаған.
